Адамзат баласына ауқымды өзгерістер мен жарқын болашақ әкелетін салалар STEАM пәндерінің (Science, Technology, Engineering, Аrt and Mathematics) қиылыстарында жатыр. Ғылым, математика, технологиялар және инженерия сияқты басты академиялық салаларда бір мезгілде даму керек, оларды STEM (science, technology, engineering and mathematics) деген бір сөзбен біріктіріп атауға болады.

STEM дегеніміз – оқытудың біріктірілген тәсілі. Ол оқушылардың ХХІ-ші ғасырда табыс пен бәсекеге қабілеттіліктің қажет негізгі дағдыларын дамытуға бағытталған.

Жаңа білім беру саясатын жүзеге асыру үшін оқу бағдарламасына жаңа технологияларды, ғылыми инновацияларды, математикалық үлгілеуді дамытуға бағытталған STEАM элементтерді енгізу жоспарланған. Осыған орай Қазақстанда STEАM білім беру жүйесі белсене даму үстінде.

Біз Қызылорда қаласында орналасқан "Сыр жұлдызы" КМҚК бөбекжай бақшасы аталған білім беру жүйесін балабақша қабырғасынан енгізуді жоспарлап қолға алып, іске асырдық. Себебі балаға мектеп жасына жетпей заманауи ақпараттық технологияларды меңгертіп, қызығушылығын оятып, жаңа материалдармен дағдыландырып, таныстырып, қолданып, жаңа құрылғыларды пайдалану арқылы білім, білік, дағдысын жетілдіріп, бағдар берсек мектеп қабырғасына барғанда жат көзқараста болмайды, шеттелмейді, игеруі тез әрі оңай болады. Оның үстіне ІТ технологиясын балабақшадан қолдану заман талабына сай дамудың көрсеткіші деп білеміз. Осыған орай білікті мамандарымызды жұмылдырып STEАM бағдарламасын балабақшадан қолданысқа енгізуді мақсат тұттық. Аталған бағдарламаны ұзақ мерзімді жоба етіп  қолға алып, модульдерін бөлек қолданысқа енгізіп көріп, көз жеткізіп, бір жүйеге келтіруді жүзеге асырдық.

         STEАM білім беру жүйесінің модульдері:

         1. "Ф. Фребельдің дидактикалық жүйесі" білім беру модулі

         2. "Тірі және жансыз табиғатпен тәжірибе жасау" зертханалық білім беру модулі

         3. "LEGO-құрастыру" модулі

         4. "Математикалық даму" білім беру модулі.

         5. "Робототехника" модулі

         6. "Мен әлемді жаратамын"  Мультстудиясының оқу модулі

         7. "Арт-сурет" модулі

Балабақшада STEАM білім беру жүйесі бойынша оқыту арқылы баланың психикалық ерекшеліктерін, атап айтсақ ойлау, зейін, қабылдау, есте сақтау сонымен қоса қиялдауын, логикалық көзқарасын дамыту, байланыстырып сөйлеу қабілетін жетілдіру, коммуникативтік қарым-қатынасқа түсу  дағдысын дамыту, байланысқа түсу, жеке және топтық жұмыс жасай білуге баулу,  өзіндік "Мен" тұжырымдамасын  қалыптастыру, өз еркімен шешім қабылдауға үйрету, баланы жаңашылдыққа шақыру, дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыру, осы сынды біршама ерекшеліктерін дамытуға  мүмкіндік береміз.